Атырауда ірі көлемде айыппұлы бар көлік жүргізушісі ұсталды
Атырауда “Interceptor” жүйесі 1,9 млн теңге айыппұлы бар көлік жүргізушісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласында Жедел басқару орталығының қызметкерлері “Interceptor” автоматтандырылған бақылау жүйесі арқылы жалпы сомасы 1 904 620 теңге болатын айыппұлы бар автокөлік анықталды. Құқық бұзушылыққа жол берген жүргізушінің 38 мәрте жол қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны белгілі болды.
Toyota Camry автокөлігі қала көшелерінің бірінде жүрген кезде жүйе арқылы тіркеліп, бұл дерек жақын маңдағы патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама түрінде берілген. Нәтижесінде көлік жол бойында тоқтатылып, арнаулы тұраққа қойылды.
Көлік иесі – 32 жастағы қала тұрғыны. Қазіргі уақытта оған қатысты тиісті іс-құжаттар рәсімделіп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдануда.
Айта кетейік, “Interceptor” жүйесі — бұл арнайы бейнебақылау мен талдау құрылғылары арқылы айыппұлы бар немесе іздеуде жүрген көліктерді автоматты түрде анықтайтын интеллектуалды жүйе. Ол полицияның әрекетін жеделдетіп, жолдағы құқық бұзушылықты азайтуға көмектеседі.