Атырауда киберқауіпсіздік бойынша ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті
Атырауда киберқауіпсіздік бойынша ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысында интернет-алаяқтық пен киберқылмыстың алдын алу, сондай-ақ тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытындағы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Бүгін Атырау облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері "Жаңа жастар" ұйымы мен Жастар ресурстық орталығының өкілдерімен бірлесіп, қаладағы ірі сауда орталықтарының бірінде ақпараттық-түсіндіру акциясын өткізді.
Іс-шара барысында тұрғындарға интернет-алаяқтардың кеңінен қолданылатын тәсілдері түсіндіріліп, киберқауіпсіздік талаптарын қамтитын арнайы жадынамалар таратылды. Азаматтарға күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарау, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу, екі факторлы аутентификацияны пайдалану және қаржылық қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде нақты ұсыныстар берілді.
Айта кетейік, жыл басынан бері Атырау облысында интернет-алаяқтықтың 450-ден астам дерегі тіркелген. Осыған байланысты өңірде профилактикалық шаралар күшейтіліп, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Сондай-ақ осы кезең ішінде 15 мыңнан астам ақпараттық жадынама таратылған.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды қырағылық танытуға, жеке деректерін бөгде адамдарға жария етпеуге және күмәнді жағдайлар туындаған кезде құқық қорғау органдарына дереу жүгінуге шақырады.
