Атырауда киберқауіпсіздік тақырыбында бейнероликтер байқауы өтті
Атырауда киберқауіпсіздік тақырыбында бейнероликтер байқауы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен киберқауіпсіздік бағытында бейнероликтер байқауы өтті. Шараның басты мақсаты – жастар арасында интернет-алаяқтықтың алдын алу және киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру болды.

Байқау барысында қатысушылар интернеттегі алаяқтық түрлері, жеке деректердің қорғалуы және әлеуметтік желілердегі фишингтік шабуылдардың қаупі туралы бейнероликтер ұсынып, өз көзқарастарын шығармашылық тұрғыда жеткізді.
Қазылар алқасының құрамында Атырау облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі Дәурен Мұханбеталиев, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің офицері және жастар саясаты департаментінің бөлім басшысы сынды сарапшылар болды.

Полиция қызметкері студенттердің киберқауіпсіздік тақырыбындағы жұмыстарына жоғары баға беріп, интернет алаяқтарының қазіргі әдістері мен одан қорғану жолдары жөнінде кеңес берді. Оның айтуынша, мұндай бастамалар жастардың ақпараттық сауаттылығын арттырып, киберқылмыстардың алдын алуға септігін тигізеді.
Байқау қорытындысы бойынша:
І орынды – Экономика және құқық факультетінің студенті Диас Тажкенов;
ІІ орынды – Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің студенті Мирас Кенжеғалиев;
ІІІ орынды – Экономика және құқық факультетінің студенті Нұрсәуле Серік иеленді.
Аталған шара жастардың киберқауіпсіздік саласына қызығушылығын арттырып, интернет-алаяқтыққа қарсы тұру мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.
