Атырауда киберқауіпсіздікке арналған құқықтық дәріс өтті
Атырауда киберқауіпсіздікке арналған құқықтық дәріс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі цифрлық заманда интернет кеңістігінде алаяқтық пен түрлі заңбұзушылықтың жаңа түрлері күн сайын көбейіп келеді. Осындай жағдайда жастардың ақпараттық сауаттылығын арттыру, оларды онлайн қауіптерден қорғау – құқық қорғау органдарының маңызды міндеттерінің бірі.

Осы мақсатта Атырау облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары Дінмұхаммед Қонаев атындағы BINOM мектеп-лицейінде оқушылармен кездесу өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, интернет-алаяқтықтан сақтандыру және киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Кездесу барысында басқарманың жедел уәкілі Дәурен Мұханбеталиев елімізде кең тараған интернет-алаяқтық түрлері туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол онлайн алаяқтардың жиі қолданатын әдістерін түсіндіріп, олардың арбауына түспеу үшін қандай әрекеттер жасау керектігін атап өтті.

— Қазіргі уақытта киберқауіпсіздік – қоғамдағы аса өзекті мәселелердің бірі. Әрбір азамат интернеттегі жеке ақпаратын қорғауды білуі тиіс. Себебі алаяқтар ең алдымен пайдаланушылардың немқұрайдылығы мен сақтықсыздығын пайдаланады. Сондықтан күмәнді сілтемелерге өтпеу, бөтен адамдарға жеке деректерді бермеу – әркімнің жеке қауіпсіздігі үшін маңызды, — деді Дәурен Мұханбеталиев.
Кездесу оқушыларға интернеттегі қауіп-қатерлер туралы нақты түсінік беріп, жауапкершілікпен әрі сауатты әрекет етуге шақырды.
