Атырауда көлік жүргізу құқығынан айырылса да, қайта көлік тізгіндеген 150-ден астам жүргізуші анықталды
Атырауда көлік жүргізу құқығынан айырылса да, қайта көлік тізгіндеген 150-ден астам жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
“Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде 8 қараша күні сағат 21:00 шамасында патрульдік полиция қызметкерлері А.Байтұрсынов көшесінен Skoda Fabia маркалы автокөлігін тоқтатып, тексеріс барысында жүргізушінің бұрын көлік басқару құқығынан айырылғандығы анықталды. 35 жастағы азаматшаның көлігі арнаулы тұраққа қойылып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 3- бөлігімен (Көлiк құралын басқару құқығынан айрылған жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы) әкімшілік хаттама жасақталды. Сот шешімімен оған 102 095 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Одан басқа, патрульдік полиция қызметкерлері 7 қараша күні сағат 01:30 шамасында С.Бейбарыс көшесінің бойынан Kia Soul маркалы автокөлігін тоқтатып, тексеріс кезінде аталған автокөліктің 34 жастағы жүргізушісінің бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылғандығы белгілі болды. Аталған әйелге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлігімен (Көлiк құралын басқару құқығынан айрылған жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы) әкімшілік хаттама жасақталып, автокөлік арнаулы тұраққа қойылды. Сот шешімімен оған 102 095 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Айта кетейік, жыл басынан бері дәл осындай құқық бұзушылықты жасаған 150-ден астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.