Атырауда көлік жүргізушілеріне онлайн алаяқтықтан сақтану ережелері түсіндірілді
Атырауда көлік жүргізушілеріне онлайн алаяқтықтан сақтану ережелері түсіндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінгі таңда цифрлық қызметтер өміріміздің барлық саласына еніп, онлайн сауда, мобильді банкинг және түрлі электронды сервистерді пайдалану күнделікті дағдыға айналды. Алайда технологияның дамуы интернет-алаяқтық деректерінің көбеюіне де себеп болуда.
Осыған байланысты Атырау облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы патрульдік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жол қозғалысына қатысушылар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында азаматтарға алаяқтардың кең таралған әдістері - жалған интернет-дүкендер, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып қоңырау шалатын алаяқтар, сондай-ақ танымал мессенджерлер мен қосымшалар арқылы жеке деректерді алдау жолымен иемдену тәсілдері түсіндірілді.

Сонымен қатар жол қозғалысы кезінде тоқтатылған көлік жүргізушілеріне интернет-алаяқтықтың негізгі белгілері мен одан сақтану жолдары көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратылып, жеке деректерді бөгде тұлғаларға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз қоңырауларға сақтықпен қарау жөнінде нақты кеңестер берілді.
