Атырауда көлікті есірткілік мас күйде басқарған жүргізуші құрықталды
Атырауда көлікті есірткілік мас күйде басқарған жүргізуші құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 тамыз сағат 17:55 шамасында жедел басқару орталығының қызметкерлері Атырау қаласы, Құрманғазы – Бигельдинов көше қиылысында Ваз-2115 автокөлігінің жүргізушісі күдік тудырғанын байқап, патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама берген. Аталған орында ұсталған 29 жастағы азамат жедел түрде медициналық сараптамаға жеткізілген. Медициналық сараптамалардың қорытындысына сәйкес, оның ұшпа (клей) ерітінділерін тұтынғаны анықталды.
Аталған фактіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік хаттама жасақталып, іс-құжаттар жинақталып, мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.Күдікті сот шешімімен 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
– Сондай-ақ құқық бұзушының көлік басқару кезінде есірткі тектес затты пайдаланғанын көрген тұрғындар да бейнежазбаға түсіріп таратқан. Мұндай жағдайға куә болсаңыз бірден “102” операторына немесе қосымшасына, Telegram желісіндегі белсенді азаматтар 06 жұмыс тобына жіберуге болатынын хабарлаймыз, – деді Атырау қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Ерсін Қожахметов.