Атырауда мал базарлары мен ет өнімін сататын нүктелер тексерілді
Атырауда мал базарлары мен ет өнімін сататын нүктелер тексерілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырауда полицейлер заң бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мал базарларында ауқымды тексеріс жүргізуді бастады. Рейд барысында жануарларға арналған құжаттардың болуы, санитарлық нормалардың сақталуы, сауда ережелері мен малды ұстау шарттары бақылануда. Басты мақсаты — мал ұрлығының алдын алу, тұтынушылар құқығын қорғау және ауыл шаруашылығы өнімдерінің заңсыз айналымына тосқауыл қою.

Жыл басынан бері полицейлер мал мен ет өнімдерін тасымалдау және өткізу қағидаларын бұзған 150-ден астам тұлғаны жауапқа тартқан. Ал мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін 411 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Айта кетейік, республика көлемінде 17-19 қараша аралығында мал ұрлығының жолын кесу, қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтап, ұстау және жауапкершілікке тарту бағытындағы "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
