Атырауда мас жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды
Атырауда мас жүргізуші жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2 наурыз күні Атырау қаласы ПБ Жедел басқару орталығының қызметкерлері Вокзал маңы мөлтек ауданында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінің ауласынан белгісіз ер адамның масаң күйде Toyota Avensis автокөлігін басқарып кеткендігін байқап, дереу Батыс қызметкерлеріне бағыттама берді.
Батыс қызметкерлері аталған автокөлік жүргізушісін Бергалиев көшесінің бойынан тоқтатады. Тексеру кезінде 41 жастағы көлік жүргізушісінен ішімдіктің иісі байқалған. Медициналық сараптаманың қорытындысымен оның «орта дәрежелі» масаң күйде екендігі дәлелденді. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлімімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік ішімдік ішкен күйде басқаруы) әкімшілік хаттама жасақталып, сот шешімімен жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Одан басқа, 41 жастағы азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 1-бөлімімен (Жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаты өзімен бірге болмауы), ҚР ӘҚБтК-нің 606-бабының 1-бөлімімен (Жол жүрiсiне қатысушының авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан, яғни жол жүрiсiне басқа да қатысушыларды жүру жылдамдығын, бағытын күрт өзгертуге мәжбүр етiп, жол жүрiсi қағидаларын бұзуы), ҚР ӘҚБтК-нің 599-бабының 1-бөлімімен (Бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту), ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабының 1-бөлімімен (Маневр жасау қағидаларын бұзу), ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 9-бөлімімен (Мемлекеттiк немесе мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлiк құралын басқару) әкімшілік хаттамалар жасақталып, барлығы 91 890 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.