Атырауда нашақорлықтың алдын алу бағытында 180-ге жуық профилактикалық шара өтті
Атырауда нашақорлықтың алдын алу бағытында 180-ге жуық профилактикалық шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: "Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керек, - деді.
Жыл басынан бері Атырау облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы "Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары" аясында 180-ге жуық шара ұйымдастырып, жасөспірімдерге нашақорлықтың зияны мен оның заңды салдары туралы ақпараттар берді. Мәселен, "Таңдау сенің қолыңда" атты форумда 200-ге жуық студентке түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, облыстық мәслихат отырысында жастар арасындағы есірткіге тәуелділік және электронды темекі қолдану мәселелері талқыланды. Білім беру ұйымдарында синтетикалық есірткілер мен нашақорлыққа қарсы 1300-ден астам жарияланым жасалып, ата-аналармен 200 дәріс сабағы өткізілді.
Жасөспірімдер арасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған бұл шаралар ата-аналарға балаларын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері нашақорлыққа қарсы күрестің кешенді жоспарын бүгінде толық жүзеге асыруда. Бұл жұмыс тек жастардың денсаулығын қорғауға ғана емес, қоғамда есірткіге тәуелділікпен күресу мәдениетін қалыптастыруға да үлкен үлес қосуда.