Атырауда Наурызнама аясында ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті
Атырауда Наурызнама аясында ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Наурыз мерекесі қарсаңында Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Атырау қаласының бұқаралық спортты дамыту клубы бірлесіп, ұлттық спорт түрлерінен ауқымды жарыс ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау және есірткіге қарсы күрес аясында олардың бос уақытын пайдалы өткізуге бағыттау.
Қатысушылар асық ату, ләңгі тебу, қол күрес, гір тасын көтеру және арқан тарту секілді ұлттық спорттың бірнеше түрі бойынша өзара бақ сынасты. Жарысқа түрлі жастағы 100-ден астам қала тұрғыны қатысып, өз ептілігі мен шеберліктерін көрсетті. Әсіресе жастар жағы ерекше белсенділік танытып, жарысқа бар ынтасымен қатысты.
Жеңімпаздар қатарынан көрінгендер алтын, күміс және қола жүлделерге ие болып, арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Салтанатты марапаттау рәсімінде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Марьяна Джангалиева қатысушыларды құттықтап, спорттың жастарды тәрбиелеудегі маңызына ерекше тоқталды.
– Біздің басты мақсатымыз – жастарды спортқа баулу арқылы оларды зиянды әдеттерден, әсіресе есірткіге әуестіктен сақтау. Ұлттық ойындар – ата-бабамыздан келе жатқан асыл мұрамыз, бұл жастарды шынықтырып қана қоймай, олардың бойында отансүйгіштік пен жеңіске деген жігер қалыптастырады. Ұрпақтың дені сау, рухы биік болуы үшін осындай шаралардың маңызы зор, – деді Марьяна Джангалиева.
Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық спорт мерекесі қатысушылар мен көрермендердің көңілінен шығып, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыра түсті.