Атырауда облыстық полиция департаментінің жаңа ғимараты ашылды
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновпен бірге өңірлік полиция департаментінің жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Жаңа ғимаратта полицейлердің қызметіне қажетті дүниенің барлығы бар. Жұмыс кабинеттері керекті жабдықтармен толық қамтылған. Мұнда жедел басқару орталығы да жұмыс істейді. Министр әкімдік өкілдерімен оның мүмкіндіктерін тексеріп көрді.
Марат Ахметжанов ЖБО инспекторларына қала мектептерінің бірінде «дабыл түймесі» арқылы тексеріс қоңырауын жасап, тәртіп сақшыларының неше минутта оқиға орнына жететінін көруді тапсырды. Қоңырау жасалған жерге ең жақын орналасқан патрульдік экипаж шақыртуға тез арада ден қойды. Полицейдер екі минутта-ақ мектептің ішінде болды. Олардың әрекеті бейнебақылау камералары арқылы жедел басқару орталығындағы экранға шығарылды.
Облыс әкімі мұндай құрылғылармен барлық білім ошақтарын жабдықтау керектігін атап өтті.
Плацта ту көтеріліп, қызметкерлер салтанатты марш жасады. Министр әріптестерін заманауи талаптарға сай жасақталған жұмыс орнымен құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Шараның ресми бөлімінен соң ПД бастығы қонақтарды нысанның қалған ғимараттарымен таныстырды. Департамент аумағында жылдам қимылдайтын арнайы жасаққа арналған жеке объект салынған. Одан бөлек аулада жаттығу алаңы және спорт кешені бар. Мұнда тәртіп сақшылары өздерінің физикалық дайындықтарын шыңдай алады. Кешенде бокс және күрес залдары, үлкен спортзал қарастырылған. Сонымен қатар тренажерлар орнатылған.
Тағы бір ерекшелік – арнайы қабылдау-тарату орны. Су жаңа ғимарат жақында ғана пайдалануға берілген.
Қызметтік көліктер де назардан тыс қалмаған. Олар арнайы гаражда тұрады.
Министр облыс полициясының жеке құрамымен кездесті. Кемшіліктерді саралап, қызметкерлердің жұмысына шолу жасады. Аудандық бөлімдердің басшыларынан жауап алып, бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Жиын соңында Марат Ахметжанов мінсіз қызметімен көзге түскен тәртіп сақшыларын марапаттады. Марапат алғандардың қатарында соңғы жылдары бірде-бір қылмыс тіркелмеген Ортақшыл мен Орлы ауылдарының учаскелік инспекторлары бар.