Атырауда ПД бастығы мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқан қызметкерлерді марапаттады
Атырауда өңірдің бас полицейі мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқан қызметкерлерді марапаттады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еңбек адамының қоғамдағы абыройы мен мәртебесін арттыруға айрықша тоқталған еді. Президенттің айтуынша, "Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс" қағидатына берік болып, табанды еңбегімен жетістікке жеткен жандар қашанда құрметке лайық. Еңбекқорлық пен кәсібилік қоғамда жоғары бағалануы тиіс, себебі өз ісін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын көтеріп, ел дамуына серпін береді.
Осыған орай, Жұмысшы мамандықтарының жылы мен Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі қарсаңында Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев мемлекеттік тілді дамытуға сүбелі үлес қосқан бірқатар қызметкерді марапаттады. Олар – департаменттің тергеу басқармасы кеңсесінің жетекші маманы Анар Нұрғалиева және Жылыой аудандық полиция бөлімі ақпараттық саясат тобының аға инспекторы Гүлвира Қайбагарова. Қос қызметкер Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың Алғыс хатымен марапатталды.
– Мемлекеттік тіл – халқымыздың рухани қазынасы, елдігіміздің айнасы. Ішкі істер органдарында мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту арқылы біз халықпен жақындай түсеміз, олардың сеніміне ие боламыз. Сондықтан әрбір полицей ана тілін жетік меңгеріп, қызмет барысында қолдануға ерекше мән беруі тиіс, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев.