Атырауда оқушылар қызметтік иттердің жұмысымен танысты
Атырауда оқушылар қызметтік иттердің жұмысымен танысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен кинология қызметі орталығы Әль-Фараби атындағы BINOM мектебінің оқушыларына арнап танымдық кездесу өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық қорғау органдарының қызметімен таныстыру және кинология саласының ерекшеліктерін көрсету болды.
Қылмысты ашу, дәлел табу және із кесу – полицияның негізгі міндеттерінің бірі. Бұл істе кинолог мамандардың еңбегі зор. Олар арнайы дайындықтан өткен иттердің сенімді серігі әрі баптаушысы болып табылады. Кинолог-инспекторлар күн сайын жаттығу жұмыстарын жүргізіп, қызметтік иттердің кәсіби даярлығын жетілдіреді.
Кездесу барысында оқушыларға қызметтік иттердің қылмыстардың алдын алу мен ашудағы маңызы түсіндірілді. Мамандар иттердің із кесу, есірткі мен жарылғыш заттарды анықтау, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарды ұстау кезіндегі рөлі туралы айтты. Бұдан бөлек, қызметтік иттердің түрлі тапсырмаларды орындаудағы машығы көрсетіліп, олардың жоғары дайындық деңгейі таныстырылды.
Оқушылар полиция қызметкерлерінің әңгімесін қызығушылықпен тыңдап, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Танымдық кездесудің соңында құқық қорғау қызметінің жауапкершілігі мен абыройы туралы айтылып, жастар тәртіпке баулынды, заңды құрметтеуге және елжанды азамат болуға шақырылды.