Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда полицейлер 800-ден астам оқушыға семинар өткізді

Атырауда полицейлер 800-ден астам оқушыға семинар өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Заң мен Тәртіп" қағидатын іске асыру, сондай-ақ жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу мақсатында Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және облыстық білім беру басқармасы бірлесіп, оқу орындарының қатысуымен "Телекөпір" форматында семинар-кездесу ұйымдастырды.

Zoom платформасы арқылы өткен телекөпірге Атырау облысы ҚАЖД-ға қарасты №15 мекемесінде есірткі қылмысына байланысты жазасын өтеп жатқан сотталғандар, сондай-ақ №2, 3, 33, 36, 41, 42, 50 және М. Бекмұхамбетов атындағы мектептердің оқушылары, бизнес және құқық колледжі, С. Мұқашев атындағы политехникалық жоғары колледжі, сервис колледжі, көлік және коммуникация колледжі, О. Көшеков атындағы аграрлық-техникалық колледжі, Д. Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы – Атырау музыка колледжінің студенттері қатысты.

Кездесу барысында сотталғандар "жеңіл ақша" иллюзиясына еріп, есірткі қылмысына барғандарының салдарынан бас бостандығынан айырылғандарын, қылмыстың соңы міндетті түрде жазаға әкелетінін және оның жеке өмірі мен отбасы үшін ауыр зардаптарға соқтырғанын ашық түрде баяндады. Сонымен қатар жастарды толғандырған сұрақтарға жауап беріліп, есірткіге қарсы саналы көзқарас қалыптастыруға бағытталған маңызды мәліметтер ұсынылды.

Аталған профилактикалық іс-шараға 800-ден астам оқушы мен студент қатысты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру