Атырауда полицейлер арасында футзалдан турнир өтті
Атырауда полицейлер арасында футзалдан турнир өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
6 қыркүйек – Анықтау қызметі күні қарсаңында Атырау облыстық полиция департаментінде тәртіп сақшылары арасында футзалдан дәстүрлі турнир ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыру, командалық рухты көтеру және әріптестік ынтымақтастықты нығайту.
Жарысқа облыстық полиция департаменті, Атырау қалалық полиция басқармасы, сондай-ақ №1 және №2 қалалық полиция бөлімдерінің қызметкерлерінен құралған сегіз команда қатысты. Тартысты бәсекеде бірінші орынды Атырау облысы полиция департаментінің анықтау басқармасы иеленді. Екінші орынға тергеу басқармасы жайғасса, үшінші орын Атырау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонына бұйырды. Сонымен бірге үздік ойыншылар "Үздік ойыншы", "Үздік қақпашы", "Үздік шабуылшы" және "Үздік қорғаушы" аталымдары бойынша марапатталды.
Биыл анықтау қызметінің құрылғанына 34 жыл толып отыр. Айтулы мереке қарсаңында полиция полковнигі, департамент бастығының орынбасары Ғалым Байжанов қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың, облыс әкімі мен департамент бастығының алғыс хаттарын табыс етті.
– Анықтау қызметі – қылмыстық істердің әділ қаралуына ықпал ететін маңызды буын. Әріптестерімді бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Қызметтеріңізге табыс пен абырой тілеймін. Сіздердің адал еңбектеріңіз қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әділдікті орнықтыруға бағытталған. Ел сенімін ақтау – біздің басты міндетіміз, – деді Ғалым Байжанов.