Атырауда полицейлер бір күнге басқа кәсіп иесіне айналды
Атырауда полицейлер бір күнге басқа кәсіп иесіне айналды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстанда жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күні аталып өтеді. Бұл мереке – еңбек адамын ұлықтап, әр кәсіптің қоғамдағы маңызын көрсетуге бағытталған. Осыған орай Атырау облысы полиция департаменті ерекше эксперимент ұйымдастырып, тәртіп сақшылары бір күнге басқа мамандық иесі болып көрді.
Атырау қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкері полиция аға лейтенанты Мейрамбек Хайыров қонақтарға кофе дайындады.
– Бариста еңбегі бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, әрбір сусын ықыласпен жасау керек. Осы тәжірибе арқылы әр мамандықтың өз құндылығы барын, бағалы екендігін түсіндім. Дегенмен, жүрегім қалағаны – өз қызметім, – дейді ол.
Атырау ҚПБ Әкімшілік полиция бөлімі әкімшілік практика бөлімшесінің инспекторы полиция аға лейтенанты Қаракөз Тлеужан кітапханашы болды.
– Кітапханашының міндеті – тәртіп пен ұқыптылық. Әр оқырманға дұрыс бағыт көрсетіп, іздегенін табуға көмектесу жауапкершілікті талап етеді. Мен үшін бұл тың тәжірибе болды, дегенмен сүйікті мамандығым – полиция, – деді ол.
№2 қалалық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік инспекторы Қуаныш Базарбаев мұғалім болып сабақ берді. Бұған дейін ол 11 жыл бұрын тарих пәнінен сабақ берген.
– Ұстаздық – үлкен шыдамдылық пен ізденісті талап ететін қасиетті мамандық. Оқушыларға білім беру – болашаққа салынған іргетас. Полициядағы қызметіме дейін 11 жыл бұрын тарих пәнінен сабақ бергенмін. Бірінші мамандығым - педагог, ал екіншісі заңгер. Екеуі де жаныма жақын екені рас. Дегенмен, мен үшін заңды қорғау мен қоғам қауіпсіздігін сақтау – ең басты міндет, – деді ол.
Бұл тәжірибе полицейлерге өзге кәсіптің де қиындығы мен жауапкершілігін сезінуге мүмкіндік берді. Шын мәнінде, әр мамандықтың орны қоғам үшін ерекше.