Атырауда полицейлер "Кибер Шериф" арқылы жылдамдықты асырған жүргізушілерді анықтады
Атырауда полицейлер "Кибер Шериф" арқылы жылдамдықты асырған жүргізушілерді анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы ережелерін сақтау – тек заң талабы ғана емес, ең алдымен адам өміріне деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Өкінішке қарай, тас жолда тәртіп бұзу, жылдамдықты шамадан тыс арттыру және көлік басқару құқығынан айырылған азаматтардың рөлге отыруы – жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қала береді.
Осыған байланысты Атырау облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлері облыстық және республикалық маңызы бар тас жолдарда тәулік бойы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалап келеді.
Мәселен, Доссор–Құлсары–Бейнеу бағытындағы республикалық маңызы бар тас жолда "Кибер Шериф" ақпараттық құрылғысының көмегімен жылдамдықты асырған 150-ден астам жүргізуші анықталды. Құқық бұзушыларға ҚР ӘҚБтК-нің 596 және 612-баптарына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылып, көліктері айып тұрағына қойылды.
Полиция ескертеді: жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, белгіленген жылдамдықты асырмауды сұраймыз. Өйткені тәртіп – тек заң талабы ғана емес, өз өміріңіздің және жолаушыларыңыздың қауіпсіздігінің басты кепілі екенін ұмытпаңыздар.