Атырауда полицейлер мен банк өкілдері студенттермен кездесті
Атырауда полицейлер мен банк өкілдері студенттермен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде жастардың цифрлық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды кездесу өтті.
Іс-шараға Атырау облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Даурен Муханбеталиев және "Береке Банк" алаяқтықпен күресу департаментінің бас сарапшысы Жандос Жагалов қатысып, студенттерге интернеттегі қауіп-қатерлер мен цифрлық алаяқтықтың алдын алу жолдары туралы мазмұнды дәріс өткізді.
Мамандар инвестиция және жеңіл табыс уәде ететін онлайн-жобалар арқылы жасалатын алаяқтық түрлеріне ерекше тоқталды. Бұл - соңғы уақытта жастар жиі алданып жатқан схемалардың бірі екені атап өтілді.
Сондай-ақ кездесу барысында жастарға банк карталарын қорғау, әлеуметтік желідегі жалған парақшаларды ажырату, бейтаныс сілтемелер мен онлайн-төлемдер кезіндегі сақтық шаралары нақты мысалдармен түсіндірілді.