Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда полицейлер қару-жарақ дүкендерін тексерді

Атырауда полицейлер қару-жарақ дүкендерін тексерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысы аумағында өткізіліп жатқан "Қару" және "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында полицейлер қару-жарақ сататын дүкендерге тексеріс жүргізді. Іс-шараның мақсаты – заңсыз айналымдағы қару-жарақ пен оқ-дәрілердің жолын кесу, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау.

Іс-шара барысында тәртіп сақшылары қаруды тіркеу құжаттарын, сақтау ережелерін және есеп жүргізу тәртібін тексерді.

- Бізде барлық қару мен оқ-дәрілер заңды түрде тіркелген. Қару сақтау ережелері мен сейф талаптары толық сақталады. Мұндай тексерістерді біз қалыпты жағдай деп қабылдаймыз, өйткені бұл – қауіпсіздік үшін жасалатын шара. Әрбір сатып алушының құжатын мұқият тексереміз. Полиция қызметкерлерімен тұрақты байланыстамыз, барлық журналдар мен есептер уақтылы толтырылады, – деді дүкен сатушысы Ақтоты Кенжегалиева.

Полиция қызметкерлері қару сататын орындардың жұмысын заң талаптарына сәйкестігін тексерумен қатар, тұрғындарға да қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертті.

- Азаматтардың иелігінде тіркелмеген немесе заңсыз сақталған қару-жарақ, оқ-дәрі не жарылғыш заттар болса, оларды өз еркімен полиция бөліміне өткізуге шақырамыз. Бұл жағдайда ешқандай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмайды. Ал егер қаруды заңсыз сақтау, алып жүру немесе тасымалдау деректері анықталса, заң бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген, – деді Атырау қалалық полиция басқармасы №2 полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі бастығының орынбасары Талғат Сисенғалиев.

Мамандардың айтуынша, қару ұстау құқығы тек медициналық және психологиялық тексеруден өткен, заң бойынша шектеуі жоқ азаматтарға ғана беріледі. Бұрын сотталған, мас күйінде ұсталған немесе отбасында жанжал шығарған адамдарға қару иеленуге рұқсат берілмейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру