Атырауда полицейлер қоғамдық орында темекі шегуге қатысты заң талаптарын түсіндірді
Атырауда полицейлер қоғамдық орында темекі шегуге қатысты заң талаптарын түсіндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде учаскелік полицейлердің рөлі ерекше. Олар тұрғындардың тыныштығын күзетіп қана қоймай, күнделікті өмірде құқық бұзушылықтың алдын алып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға да үлес қосуда.
Қазіргі уақытта Атырауда республикалық "Учаске" және "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шаралары қарқынды жүргізілуде. Іс-шаралар аясында қалалық полиция басқармасының №4 учаскелік полиция пунктінің инспекторлары Авангард ықшамауданының тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын өткізді.
Тәртіп сақшылары тұрғындарға қоғамдық орындарда темекі шегудің және темекі қалдықтарын кез келген жерге тастаудың заңмен тыйым салынғанын ескертті. Азаматтарға ортақ орындарды ластау — жауапкершілікке әкелетінін түсіндірді.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс аумағында қоғамдық орындарда тәртіп сақтамау жөнінде 3 243 құқық бұзушылық тіркелсе, өткен жылы 6 мыңнан астам дерек анықталған. Бұл көрсеткіш — қала тұрғындардың құқықтық мәдениетінің біртіндеп артып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен, әлі де кейбір азаматтар қоғамдық орындарда шылым шегу және қалдық тастау тәрізді заң бұзушылықтарға жол беріп отыр.
Сондықтан учаскелік полицейлер күн сайын профилактикалық рейдтер ұйымдастырып, тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Полицейлердің айтуынша, мұндай шаралар құқық бұзушылықтың алдын алып қана қоймай, қоғамда өзара сыйластық пен тәртіп мәдениетін нығайтуға бағытталған.
