Атырауда полицейлер төленбеген айыппұлдары бар екі жүргізушіні анықтады
Атырау қаласында полицейлер төленбеген айыппұлдары бар екі жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
29 қараша күні патрульдік полиция қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарды патрульдеу барысында “Қорғау” жүйесі арқылы қала аумағында төленбеген айыппұлдары бар екі автокөлікті анықтап, тоқтатты. Құжаттарын тексеру барысында, Volkswagen Jetta көлігінің жүргізушісінің 455 848 теңгені құрайтын 16 айыппұлы және Toyota Estima маркалы көліктің жүргізушісінің 3 төленбеген айыппұлы бар екені белгілі болды. Сонымен қатар жүргізушілердің әрқайсысы көліктерін жүргізу құқығынан айырылған күйде болғаны анықталды.
Аталған дерек бойынша 37 жастағы Toyota Estima көлігінің жүргізушісіне және 20 жастағы Volkswagen Jetta көлігінің жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, автокөліктер арнайы тұраққа жеткізілді. Іс құжаттары мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды.
Полиция көлік жүргізушілеріне айыппұлдарын уақытында төлеуді және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.