Атырауда полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы азаматтарға жадынама таратты
Атырауда полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы азаматтаарға жадынама таратты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласы полиция басқармасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі бөлімшесінің қызметкерлері "Отбасын қолдау" орталығымен бірлесіп, "Infinity Mall" ойын-сауық орталығында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға арнайы жадынама парақтарын таратты. Негізгі мақсат – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтарды ақпараттандыру және көмек алу жолдарын кеңінен түсіндіру.
Іс-шара барысында мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылық тек физикалық күш қолданудан тұрмайтынын, оған психологиялық қысым, қорқыту және еркіндікті шектеу сияқты әрекеттер де кіретінін атап өтті. Сондай-ақ зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтардың 102 нөміріне немесе сенім телефондарына хабарласып, құқықтық әрі психологиялық көмек алу жолдары түсіндірілді.
Айта кетейік, 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында республика көлемінде "Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді 16 күн іс-әрекет" акциясы өтуде. Осыған орай құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, зардап шеккендерге қолдау көрсету шараларын жүзеге асыруда.
