Атырауда полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты анонимдік сауалнама жүргізді
Атырауда полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты анонимдік сауалнама жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің инспекторлары облыс аумағында өтіп жатқан "Бақытты отбасы – бақытты ел" акциясы аясында Жаңаталап ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектептің мұғалімдерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында педагогтар арасында анонимдік сауалнама жүргізіліп, олардың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа деген көзқарасы, бұл келеңсіз құбылыстың негізгі себептері мен салдарына қатысты пікірлері зерттелді. Сауалнама қорытындысы қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің бар екенін және оны болдырмау үшін кешенді алдын алу шараларының маңыздылығын айқын көрсетті.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары қатысушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тәсілдері, заң аясындағы жауапкершілік пен құқықтық тетіктер жөнінде жан-жақты түсіндірме берді. Мұндай жағдайларда қайда және қалай жүгінуге болатыны жайында ақпарат ұсынылып, дағдарыс орталықтары, "111" және "150" бірыңғай сенім телефондарының қызметтері, жергілікті полиция органдары мен өзге де құзырлы мекемелердің жұмысы туралы кең көлемде мәлімет берілді.
Айта кетейік, "Бақытты отбасы – бақытты ел" акциясы Атырау облысында 10 қыркүйекке дейін жалғасады.