Атырауда полицейлер жол апатынан зардап шеккендерге арнап қан тапсырды
Атырауда полицейлер жол апатынан зардап шеккендерге арнап қан тапсырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысында 18–23 қараша күндері жол-көлік оқиғаларының алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін күшейту және тұрғындарды жолда сақтық шараларын сақтауға үндей отырып, республикалық "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылып жатыр.

Осы шара аясында патрульдік полиция қызметкерлері Атырау облыстық қан орталығында өткізілген донорлық акцияға қатысты. Тәртіп сақшылары әрқайсысы 450 миллилитрден қан тапсырып, жалпы көлемі шамамен 6 литр донорлық қан өткізді. Бұл — бірнеше адамның өмірін құтқаруға мүмкіндік беретін маңызды көмек.
Донорлыққа қатысқан полицейлердің айтуынша, қызмет барысында жол-көлік оқиғалары кезінде қан жоғалтқан, өмірі қыл үстінде тұрған адамдарды жиі көреді.
Сондықтан олар қан тапсырудың жоғары маңызын жақсы түсінеді және мұндай ізгі іске әрдайым үлес қосуға дайын екендерін жеткізді.
Қан орталығы мамандары полицейлердің белсенділігін жоғары бағалап, олардың бұл әрекеті қоғамға үлгі болатынын атап өтті. Донорлық – тек медициналық қажеттілік емес, қиын жағдайға тап болған жандарға көрсетілетін тікелей көмек, адам өмірін құтқарудың нақты жолы.
Бұл акция полицейлердің тек құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен шектелмей, әлеуметтік бастамаларға да үлкен жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді.
Полицейлер алдағы уақытта да осындай қайырымдылық және қоғамдық маңызы бар іс-шараларға белсенді қатысуды жалғастыруды жоспарлап отыр.
