Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда полиция "Аула ішінде кездесу" акциясы басталғалы 20 мыңнан астам тұрғынмен кездесті

Атырауда полиция "Аула ішінде кездесу" акциясы басталғалы 20 мыңнан астам тұрғынмен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырауда полиция 9 маусымнан бастап “Аула ішінде кездесу” акциясын өткізуде. Бұл шараның мақсаты – халықпен тығыз байланыс орнатып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және жергілікті мәселелерді бірлесе шешу. Жергілікті полиция қызметімен бірге интернет-алаяқтық пен есірткі қылмыстарының алдын-алу және отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюдың маңызы да жеткізілді.

Учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен тікелей аулаларда кездесіп, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, және қауіпсіздік мәселелерін талқылауда. Сонымен қатар, тұрғындарға өз құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ қандай да бір құқық бұзушылық орын алғанда не істеу керектігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.Мұндай кездесулер полиция мен халық арасындағы сенімді нығайтуға, тұрғындардың белсенділігін арттыруға және қылмыстың алдын алуға септігін тигізеді. Акция барысында балалар мен жастарға да ерекше көңіл бөлініп, олармен де қауіпсіздік тақырыбында профилактикалық әңгімелер жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, акция басталғалы 56 учаскелік полиция пункті 20 мыңнан астам тұрғынмен кездескен. Бұл шара әлі де жалғасуда. Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары күнделікті тұрғындардың түрлі мессенджерлердегі чаттарына да профилактикалық ақпараттарды ұдайы таратуда.

Бұл шара – полиция мен қоғам арасындағы сенімді арттырып, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Акция алдағы уақытта да жалғасын табады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру