Атырауда полиция қызметкерлері студенттермен кездесті
Атырауда полиция қызметкерлері студенттермен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл бағытта құқық қорғау органдары жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлуде.
Осы мақсатта 12 ақпан күні Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде "Заңды сақтау – өзіңді қорғау" атты құқықтық-ағарту апталығы аясында студенттермен кездесу өтті. Шараға Атырау облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының бастығы Жеңіс Даулетов, жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Орынгүл Кушкалиева, Атырау қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры және Атырау облыстық адвокаттар алқасының өкілі қатысты.
Кездесу барысында мамандар жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың орын алуына ықпал ететін себептерге тоқталып, қоғамдық орындарда жиі кездесетін заңбұзушылық түрлері жайлы жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ жол жүрісі ережелері мен мопед жүргізушілеріне қойылатын жаңа талаптар туралы ақпарат беріліп, заңнаманың қатаң шаралары егжей-тегжейлі талқыланды.
Мұндай кездесулер жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, олардың заңға құрметпен қарауына септігін тигізеді. Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, әрбір азамат өз құқығы мен міндетін біліп, заң талаптарын сақтаған жағдайда ғана қоғамдағы құқықтық тәртіп нығая түседі.