Атырауда полиция жол қауіпсіздігін арттыруда дрон технологиясын тиімді қолдануда
Атырауда полиция жол қауіпсіздігін арттыруда дрон технологиясын тиімді қолдануда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Атырау облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлері заманауи бақылау тәсілдерін кеңінен қолданып келеді. Атап айтқанда, арнайы дрондар арқылы тас жолдардағы қозғалыс ахуалы әуеден бақылауға алынып, көлік ағыны мен апаттық қаупі жоғары учаскелерге кешенді талдау жүргізіледі. Бұл әдіс жолдағы жағдайды жедел әрі жан-жақты бағалауға мүмкіндік беріп отыр.
Дрондар көмегімен полиция қызметкерлері жылдамдық режимінің сақталуын, қарсы қозғалыс жолағына шығу, қауіпті маневрлер жасау, жол белгілері мен жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін нақты уақыт режимінде анықтайды. Мәселен, 2025 жылы республикалық маңызы бар тас жолдарда дрондар арқылы 634 құқық бұзушылық тіркелсе, биылғы жылдың басынан бері 10-ға жуық дерек анықталған. Әуеден түсірілген бейнематериалдар жедел түрде патрульдік экипаждарға жолданып, құқық бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылдануда.
– Дрондар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тиімді профилактикалық құрал ретінде қолданылады. Олар республикалық тас жолдардағы жалпы жағдайды кең ауқымда бақылап, көлік ағыны мен қауіпті учаскелерді, сондай-ақ ықтимал құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Негізгі мақсат – жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер үшін қауіпсіз әрі қолайлы қозғалыс ортасын қалыптастыру, – деді Атырау облысы полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция ротасының штаб аға инспекторы Мейрамбек Асылбеков.
