Атырауда пробация есебіндегі сотталғандар түзеу мекемесіне барды
Атырауда пробация есебіндегі сотталғандар түзеу мекемесіне барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласы прокуратураның бастамасымен Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Атырау қалалық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған сотталғандар №15 түзеу мекемесіне барды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – пробация есебінде тұрған азаматтарға қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қызметін көрсету, бас бостандығынан айыру жазасының салдарын түсіндіру және қайта қылмыс жасаудың алдын алу. Экскурсия барысында қатысушылар түзеу мекемесінің ішкі тәртібімен, сотталғандардың күнделікті өмірі, еңбекке тартылуы және тәрбие жұмыстарының ұйымдастырылуымен танысты.

Мекеме қызметкерлері сотталғандарға заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және берілген мүмкіндікті тиімді пайдалану жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, пробация қызметінің негізгі міндеті – сотталғандарды қоғамға бейімдеу, олардың дұрыс жолға түсуіне ықпал ету екені атап өтілді.

Аталған шара сотталғандардың жауапкершілік сезімін арттыруға, заңға бағынатын мінез-құлық қалыптастыруға және болашақта құқық бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған.
