Атырауда қайталанатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған электронды бақылау жүйесі іске қосылды
Атырауда қайталанатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған электронды бақылау жүйесі іске қосылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласында ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған азаматтарға бақылау күшейтілуде. Бұл шара “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүзеге асып жатыр.
Енді бұрын сотталып, шартты түрде босатылған, сондай-ақ әкімшілік қадағалауға алынған тұлғаларға электронды бақылау құрылғысы орнатылады.
Осы мақсатта Атырау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған азаматтармен кездесу өткізіп, жаңа жүйенің жұмыс тәртібі мен оның мүмкіндіктерін түсіндірді.
Электронды бақылау құрылғысы сот шешімімен белгіленген шектеулердің орындалуын қамтамасыз етуге және қайталанатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған. Құрылғы азаматтың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылап, оның белгіленген аумақтан шықпауын және тыйым салынған орындарға бармауын қадағалайды.
Электронды бақылау жүйесінің енгізілуі құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін арттырып қана қоймай, есептегі тұлғалардың заң талаптарын қатаң сақтауына да ықпал етеді.
