Атырауда қоғам тыныштығына үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді
Атырауда қоғам тыныштығына үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алғыс айту күні қарсаңында Атырау облысында қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысып жүрген азаматтарға ерекше құрмет көрсетілді.
Осыған орай Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Абдіғани Сейдуалиев қоғамдық тәртіпті сақтауда белсенділік танытқан ақсақалдар кеңесінің өкілдерін, белсенді азаматтарды және ПИК басшыларын ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың Алғыс хатымен марапаттады.
Бұл шара – ел бірлігі мен ынтымағын нығайту, қоғам қауіпсіздігіне үлес қосқан жандарға құрмет білдіру мақсатында ұйымдастырылды. Жиын барысында Абдіғани Сейдуалиев марапат иелеріне жас ұрпаққа өнеге көрсетіп, тәрбие берудегі еңбектері үшін ризашылығын білдіріп, олардың қоғамдағы рөлінің маңыздылығын атап өтті.
– Бүгін біз сіздерге алғысымызды білдіруді өзіміздің азаматтық парызымыз деп білеміз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес қазына. Қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіпті сақтау жолында біз әрдайым сіздердің баталарыңыз бен қолдауларыңызды сезінеміз. Ішкі істер органдарының дамуына қосқан үлестеріңіз бен жастарды тәрбиелеудегі еңбектеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді Абдіғани Сейдуалиев.
Қоғам тыныштығы мен тәртібін сақтауда тәртіп сақшыларына демеу болып жүрген азаматтар өз кезегінде жылы лебіздерін білдіріп, ел игілігі жолындағы еңбектеріне сәттілік тіледі.