Атырауда қой бағып жүріп адасып кеткен қойшы табылды
Атырау облысының полицейі 150 бас қоймен бірге адасып кеткен азаматты туыстарымен табыстырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
11 ақпан күні сағат 10:35 шамасында полицейлерге Жылыой ауданы Жем селолық округіндегі шаруа қожалығында жұмыс істейтін 76 жастағы ер адамның мал бағуға шығып, сол күйі оралмағаны туралы хабарлама түскен.
Аудан полицейлері мен төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері егде жастағы адамды іздеу жұмыстарына бірден кіріскенімен, одан еш нәтиже шықпаған. Дегенмен, іздестіру жұмыстары тоқтатылған жоқ.
Нәтижесінде Жылыой ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы Біржан Зинуллин жоғалған азаматты 150 бас қойымен бірге 12 ақпан күні сағат 11:00-де шаруа қожалығынан 15 шақырым қашықтықтағы «Асан Кеткен» қыстағынан тапты. Оқыс оқиғаның алдын алып, туысын дін-аман тауып бергені үшін жергілікті тұрғын учаскелік полиция инспекторына өз алғысын білдірді.
Уақытпен санаспайтын сақшы бұған дейін де бірнеше рет жоғалған азаматтарды тауып, аман-есен үйлеріне жеткізген.
– Шыны керек, мен ешкімнен алғыс күтпедім. Бұл біздің күнделікті жұмысымыз. Ең бастысы, өз қызметімді абыроймен және адалдықпен атқарамын, – дейді Атырау облысы Жылыой ауданы ПБ учаскелік полиция иснпекторы Біржан Зинуллин.