Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда қоян-қолтық ұрыстан спорттық шара өтті

Атырауда қоян-қолтық ұрыстан спорттық шара өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысы полиция департаменті және Атырау қалалық спорт басқармасының қолдауымен “Есірткісіз болашақ” ұранымен қоян-қолтық ұрыстан спорттық шара өтті. Бұл ауқымды жарыс ҚР Ішкі істер министрлігінің чемпионатына іріктеу кезеңі ретінде жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың арнайы мақсаттағы бөлінісінің бастамасымен ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, қызмет барысында үнемі физикалық дайындықта жүретін тәртіп сақшыларын шыңдау және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу.

Шараның салтанатты ашылу рәсімінде Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев жарыстың маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

- Бүгін қоян-қолтық ұрыс бойынша ІІМ чемпионатына іріктеу жарысының ашылуына куә болудамыз. Бұл – тек шеберлік пен дайындықты емес, тәртіп пен төзімді, жігер мен намысты талап ететін сайыс. Қоян-қолтық ұрыс – спорт қана емес, мінезді шыңдайтын өмір салты. Мұнда жеңіс тек күшпен емес, тәртіп пен табандылықпен келеді. Бүгінгі шараның тағы бір мақсаты – есірткіге қарсы күрес идеясын қолдау. “Есірткісіз болашақ” – бәріміздің ортақ ұстанымымыз, – деді департамент бастығы.

Спорттық шараға жылдам қимылдайтын арнайы жасақ, мамандандырылған күзет басқармасы және Атырау облысы ПД әкімшілік тәртіппен ұсталғандарды арнайы қабылдау орнының қызметкерлерінен құралған 50 спортшы қатысты. Олар 8 салмақ дәрежесі бойынша өзара бақ сынасты. Нәтижесінде, 57-97 келі салмақ дәрежелері аралығында 16 жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері Ішкі істер министрлігінің чемпионатына жолдама алды.

Шара соңында үздік нәтиже көрсеткен қызметкерлер департамент бастығының Алғыс хатымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру