Атырауда қозғалыс барысында телефон пайдаланған 18 автобус жүргізушісі жазаланды
Атырауда қозғалыс барысында телефон пайдаланған 18 автобус жүргізушісі жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласының патрульдік полиция қызметкерлері «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы аясында қоғамдық көлік жүргізушілерін тексеруде. Бұл ретте олардың жол қозғалысы ережелерін сақтауына, жұмыстарды ұйымдастыруға, көлікті техникалық байқаудан өткізуге ерекше көңіл бөлінеді.
Осылайша, іс-шараның бес күнінде жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көлікті тізгіндеу кезінде телефонды пайдаланған 18 жүргізуші анықталды. Тәртіп бұзушыларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 591-бабына сәйкес айыппұл салынды.
Бұдан басқа, жедел алдын алу іс-шарасы барысында жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 24 жүргізуші, техникалық байқаудан өтпегені үшін – 12, маневр жасау ережелерін бұзған 23 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейк, “Автобус” жедел-профилактикалық іс-шарасы 1 наурызға дейін жалғасады.