Атырауда қылмыстың ізін суытпай ашқан полицейлер марапатталды
Атырауда қылмыстың ізін суытпай ашқан полицейлер марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Махамбет ауданының Талдыкөл ауылындағы Құскелдиев көшесінде ұрлық жасалғаны туралы хабарлама полиция бөлімшесіне келіп түсті.
Оқиға орнына дереу жеткен учаскелік инспекторлар – Есболат Жексенгулов пен Әділ Өмбетқалиев жедел іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Қырағылық танытқан тәртіп сақшылары үйдің ауласынан ұрланған заттардың айғағын анықтап, 25 жастағы күдіктінің ізіне түсті. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жазғы су құбырының темір тұрбаларын ұрлап кеткен. Ол жедел тергеу тобына жеткізілді.
Қылмысты ізін суытпай ашудағы кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі үшін Есболат Жексенгулов пен Әділ Өмбетқалиев Атырау облысы полиция департаментінің бастығы атынан алғыс хатпен марапатталды.
Бұл марапат полиция қызметкерлерінің адалдығы мен ел тыныштығын қорғаудағы адал еңбегінің айқын дәлелі.