Атырауда сотталған әйелдерге арналған психологиялық тренинг өтті
Атырауда сотталған әйелдерге арналған психологиялық тренинг өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысында қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №79 әйелдер түзету мекемесінде жазасын өтеуші азаматшаларға арналған "Жаңа өмірге жаңа қадам" тақырыбында психологиялық тренинг өткізілді. Іс-шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы "Алтын шаңырақ" аналар кеңесі ұйымдастырды.
Тренингтің басты мақсаты — сотталған әйелдердің өмірге деген белсенділігін арттыру, отбасылық құндылықтарды нығайту және қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсету. Шара барысында қатысушылармен ашық сұхбаттар, практикалық жаттығулар мен мотивациялық тапсырмалар жүргізіліп, олардың ішкі сенімділігін оятуға және болашаққа оң көзқарас қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, №79 мекеме кітапханасының қорына арнайы әдебиеттер табыс етілді. Бұл бастама сотталған азаматшалардың рухани дамуына және білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Мұндай іс-шаралар түзету мекемелеріндегі әйелдердің қоғамға қайта оралуына, отбасымен байланысын нығайтуына және жаңа өмірге сеніммен қадам басуына септігін тигізеді.