Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда «Спорт – есірткіге қарсы» тақырыбында турнир өтті

Атырауда «Спорт – есірткіге қарсы» тақырыбында турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Дінмұхамед Қонаев атындағы Binom мектебінде «Арлан» спорт клубының ұйымдастыруымен «Спорт – есірткіге қарсы» атты тақырыпта дзюдо күресінен турнир өтті.

Жарысқа 20-38 келі салмақ дәрежесінде, 8-11 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты. Іс-шараның ерекше қонағы ретінде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Марьяна Джангалиева қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Турнирдің басты мақсаты – жасөспірімдер арасында спорттың маңыздылығын дәріптеу, салауатты өмір салтын насихаттау және есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру. Турнир барысында жас спортшылар өз шеберліктерін паш етіп, ерік-жігер мен табандылықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Сайыс қорытындысы бойынша, тоғыз жас спортшы жеңіске жетіп, өз салмақ дәрежелері бойынша бірінші орынды иеленді. Жеңімпаздарға Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының атынан бағалы сыйлықтар табысталды.

– Жастардың денсаулығы – еліміздің жарқын болашағының негізі. Дзюдо сияқты спорт түрлері балалар мен жасөспірімдердің физикалық қабілеттерін дамытып қана қоймай, олардың өз күшіне деген сенімін арттырып, жеңіске жетуге деген ұмтылысын қалыптастырады. Спортқа деген сүйіспеншілікті ояту – біздің ортақ міндетіміз, – деп атап өтті Марьяна Джангалиева.

Бұл турнир тек спорттық жарыс қана емес, жасөспірімдерді салауатты өмірге баулудың, олардың уақытын пайдалы істерге жұмсауға бағыттаудың маңызды құралы ретінде ерекше әсер қалдырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру