Атырауда "Спорт – есірткіге қарсы!" ұранымен жасөспірімдер арасында баскетбол турнирі өтті
Атырауда "Спорт – есірткіге қарсы!" ұранымен жасөспірімдер арасында баскетбол турнирі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен "Бұқаралық спортты дамыту" спорт клубының ұйымдастыруымен "Спорт – есірткіге қарсы!" атты баскетболдан жасөспірімдер турнирі өтті. Шараның мақсаты – жастарды спортқа баулу арқылы салауатты өмір салтын дәріптеу, есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу.
Турнирге 14 пен 17 жас аралығындағы үш команда қатысып, жоғары дайындық пен шеберлік көрсетті. Қорытынды кезеңде қарсыластарынан оқ бойы озып шыққан "Нұрсая" командасы чемпион атанды. Күміс жүлдені "Самал" командасы иеленсе, "Старый аэропорт" құрамасы қола жүлдегер атанды.
Жарыс соңында үздік ойыншылар мен жеңімпаздар есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының атынан кубоктар, медальдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.