Атырауда студенттер арасында есірткі қылмысының алдын алу бағытында түсіндіру шаралары өткізілді
Атырауда студенттер арасында есірткі қылмысының алдын алу бағытында түсіндіру шаралары өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес, Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы колледж студенттері арасында есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.
Аталған іс-шара аясында Сармат мамандандырылған мектебінің, Атырау медициналық колледжінің және Атырау энергетика және құрылыс колледжінің жатақханаларында рейдтік түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Полицейлер студенттерге алдағы жазғы демалыс кезінде "жеңіл ақша" мен "оңай табыс" іздеу жолында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысудан туындайтын ауыр құқықтық және моральдық салдарлар туралы ескерту жасады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген есірткі құралдарын заңсыз сақтау, тасымалдау және өткізу әрекеттері үшін жауапкершілікке қатысты заң нормалары кеңінен түсіндірілді.
Іс-шара барысында Атырау облыстық полиция департаментінің кинология қызмет орталығының мамандары қызметтік ит Ханның көмегімен есірткі іздестіру бағыты бойынша практикалық жаттығу көрсетті. Бұл көрсетілім студенттердің үлкен қызығушылығын тудырып, оларды есірткімен күрестегі нақты тәжірибелік жұмыстармен таныстыруға мүмкіндік берді.
Аталған шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру және олардың заңсыз әрекеттерге тартылуына жол бермеу.