Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда студенттермен профилактикалық кездесу өтті

Атырауда студенттермен профилактикалық кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің инновациялық білім беру факультетінің әскери кафедрасында "Заң және тәртіп" қағидатының қоғамдағы рөлі мен маңызын түсіндіруге арналған танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық сананы қалыптастыру, заң талаптарын сақтау мәдениетін дамыту және құқық бұзушылықтың алдын алу.

 

Кездесуге Атырау облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы О.Кушкалиева және экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Ә.Қуанышкереев қатысты.

Құқық қорғау органдарының өкілдері студенттерге кәмелетке толмағандармен жасалатын және оларға қатысты құқықбұзушылықтардың қазіргі ахуалы, оның әлеуметтік және құқықтық салдары туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Сонымен қатар спикерлер қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік мәселелеріне, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік ережелеріне, деструктивті діни ағымдар мен экстремизм идеологиясының алдын алу тақырыптарына тоқталды. Кездесу барысында студенттер құқықтық сауаттылықты арттырудың, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты сақтаудың әр азамат үшін ортақ міндет екенін ұғынды.

 

Іс-шараға университет ректоры С.Идрисов қатысып, жастарды елдің бейбітшілігі мен қауіпсіздігін қорғауда белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.

Полиция қызметкерлері мұндай профилактикалық кездесулер алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Бұл бастама жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайтып, заңға құрметпен қарау дағдысын қалыптастыруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру