Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда тәлімгер полицейлер жас әріптестеріне кітап тарту етті

Атырауда тәлімгер полицейлер жас әріптестеріне кітап тарту етті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлттық кітап күніне орай Атырау облысы полиция департаментінде рухани құндылықтарды дәріптеуге және жас тәртіп сақшыларының кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған игі бастама өтті. Іс-шара аясында тәлімгерлер өз қамқорлығындағы жас полицейлерге детектив жанрындағы шығармалар мен құқықтық сөздіктерден тұратын танымдық кітаптарды сыйға тартты.

— Кітап — адамзаттың баға жетпес байлығы. Ел көлемінде алғаш рет тойланып отырған Ұлттық кітап күнінде біз де өз үлесімізді қосуды жөн көрдік. Кез келген білім мен тәрбие бастауы — кітапта. Осы орайда, қызмет барысында қажет болатын, танымдық маңызы зор туындыларды тарту етуді ұйғардық, — деді департаменттің ақпарат және байланыс басқармасының аға инженері Алмажай Айтенова.

Кітап табыстау рәсімі барысында тәлімгерлер өздері оқыған әсерлі кітаптар туралы әңгімелеп, жас мамандармен ой-пікір алмасты. Бұл сәт қызметтік тәжірибемен қатар, өмірлік танымды кеңейтуге де ықпал етті.

Айта кету керек, бұл бастама облыстық полиция департаментінің басқа бөлімшелерінде де жалғасын тауып, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған мәдени-танымдық іс-шаралармен толықтырылуда.

Кітап тарту – рухани байланысты нығайтып, кәсіби әрі тұлғалық дамуға жол ашатын ізгі дәстүрге айналуы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру