Атырауда тәртіп сақшылары арасында волейболдан турнир өтті
Атырауда Тәуелсіздік күніне орай тәртіп сақшылары арасында волейболдан турнир өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстанның басты мерекелерінің бірі – 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні қарсаңында Атырау облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен волейболдан турнир өтті. Спорттық шараны департаменттің арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасы мен «Динамо» спорт және дене шынықтыру қоғамы қоғамдық бірлестігі Атырау облысындағы филиалымен бірлесіп ұйымдастырды.
Турнирдің басты мақсаты – үнемі қызмет бабында физикалық дайындықта жүретін тәртіп сақшыларын шыңдау, олардың командалық әрекеттерін жетілдіру және әріптестік байланыстарды нығайту.
Тартысты додаға Атырау облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы, криминалдық полиция басқармасы, Атырау қаласы полиция басқармасы, желілік полиция бөлімі, иамандандырылған күзет басқармасы және арнайы мақсаттағы жасақ қызметкерлерінен құралған 15 команда қатысты. Әр команда жеңіс үшін бар күш-жігерін салып, нағыз шеберліктерін көрсетті.
Турнир қорытындысы бойынша:
I орын – арнайы мақсаттағы жасақ;
II орын – мамандандырылған күзет басқармасы;
III орын – Атырау облысы полиция департаментінің командасы жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Жеңімпаздарға Атырау облысы полиция департаментінің бастығы атынан арнайы кубоктар мен дипломдар табысталды.
Бұл турнир тәртіп сақшыларының физикалық дайындықтарын ғана емес, ынтымақтастық пен бірлікке негізделген командалық рухын одан әрі нығайта түсті. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынына сенім мол.