Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда "Таза Қазақстан" акциясы аясында 12 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды

Атырауда "Таза Қазақстан" акциясы аясында 12 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде экологиялық мәдениетті арттыру және азаматтарды табиғатты қорғауға ынталандыру мақсатында "Таза Қазақстан" ұлттық экологиялық акциясы жүзеге асырылып келеді. Аталған акция 2024 жылғы 15 сәуірден бастап Атырау қаласы аумағында да кең көлемде қолға алынған. Сол уақыттан бері, яғни 2025 жылдың шілде айына дейін қалада санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында ауқымды шаралар жүргізілуде.

Атырау қаласы полиция басқармасының қызметкерлері осы кезең аралығында 11 933 құқық бұзушылықты анықтады. Аталған деректер абаттандыру қағидаларын бұзу, жасыл желектерді жою немесе бүлдіру, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастау сынды әрекеттермен байланысты.

Атап айтқанда, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдіру бойынша 3 205 құқық бұзушылық тіркеліп, оның ішінде 2 953 тұлғаға ескерту жасалды.

Сонымен қатар ортақ пайдаланылатын орындарды ластау бойынша 8 728 құқық бұзушылық дерегі анықталып, 7 688 азаматқа жауапкершілік жүктелді.

Экологиялық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осы ретте Атырау қаласының полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар мен еріктілермен бірлесе отырып, қоғамдық орындар мен саябақтарды, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын, өзен жағалауларын тұрмыстық қалдықтардан тазалап, көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастырды.

— Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, экологиялық ахуалға бейжай қарамай, табиғатты аялау – әрбір азаматтың, әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы. Жыл сайынғы экологиялық бастамаларға белсенді түрде қатысып келеміз. Бұл — ұжымдық рухты нығайтып қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі болатын игі дәстүр деп есептеймін. Меніңше, бұл бастама – күнделікті өмірде экологиялық жауапкершілікті арттырып, табиғатты қорғауға бағытталған маңызды ұлттық бастама, – деді Атырау қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлім бастығының орынбасары Айбол Ідрісов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру