Атырауда түнде көше кезіп жүрген 100-ге жуық жасөспірім анықталды
Атырауда түнде көше кезіп жүрген 100-ге жуық жасөспірім анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласы Полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кезекті түнгі рейд өткізді. Тәртіп сақшылары аулаларды, саябақтарды және жастар көп жиналатын орындарды тексерді. Нәтижесінде, бір түннің ішінде түнгі сағат 23:00-ден кейін ата-анасының қарауынсыз жүрген 30-ға жуық жасөспірімді қалалық басқармаға жеткізілді.
Жасөспірімдердің ата-аналары шақыртылып, олардың барлығы ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлімімен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Көктем мезгілі басталып, күн жылынған уақытта түнгі мезгілде бақылаусыз жүретін жасөспірімдер көбейеді. Олар компьютер клубы, ойын-сауық орталықтарына үйір болады. Ал түнгі уақыт әрдайым қауіпсіз бола бермейді. Себебі көбінесе жасөспірімдер қылмысының көпшілігі ата-ананың бақылауынсыз қалған балалардың қатысуымен орын алады. Біздің міндетіміз – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдермен жасалатын және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, – дейді Атырау қаласы Полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Азамат Қарамұратов.
Еске сала кетейік, ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері қала аумағында 14-24 сәуір күндері аралығында өтіп жатқан “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүрген 100-ге жуық жасөспірімді анықтады.