Атырауда «түнгі көбелектердің» қызметіне тосқауыл қойылды
Атырауда карантин режимінің талаптарына қарамастан жұмыс істеп тұрған саунаға жыныстық қызметтер көрсететін жезөкшелер шақыру фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– 10-14 қараша аралығында облыс аумағында республикалық «STOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, – деп хабарлады Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрхат Оразбаев.
Жедел-алдын алу іс-шарасының мақсаты адам саудасымен, адамдарды заңсыз бас бостандығынан айырумен, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеумен байланысты қылмыстарды анықтау, ашу, жолын кесу болып табылады.
Рейдтік шаралар өткізу барысында облыс орталығында сексуалдық сипаттағы қызметтер көрсету мақсатында адамдарға тиісіп тұрған бойжеткендер анықталып, оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабы (Қоғамдық орындарда тиісу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, әрқайсысына 9 723 теңгеден айыппұл салынды.
Бұдан басқа 10 қараша күні сағат 22.30 шамасында Атырау қаласындағы сауналардың біріне келген тұтынушыларға ақылы қызмет көрсететін жезөкшелікпен айналысатын қыздарды шақыртқандары анықталды.
Карантиндік режим талаптарын сақтамаған саунаға қатысты жинақталған құжаттар Атырау қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Шараның екі күнінде жезөкшелікпен айналысатын 18 азаматшаға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабы (Қоғамдық орындарда тиісу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Жедел уәкілдер ғаламтор желісіндегі сайттарды мониторингілеп, сайттарға сексуалдық сипаттағы қызметтер көрсетуге анкеталық жарнама берген 10 бойжеткенді анықтап, олардың жалдамалы пәтерлері туралы салық органдарына хабарлады.
Өздерінің қызметтерін жарнамалаған жеңіл жүрісті қыздармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.