Атырауда түнгі уақытта ойын клубтарында жүрген жасөспірімдер анықталды
Атырауда түнгі уақытта ойын клубтарында жүрген жасөспірімдер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аймақта жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтілді. Білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарына қоса, полиция қызметкерлері түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз көшеде немесе қоғамдық орындарда жүрген жасөспірімдерді анықтау жұмыстарын қолға алды. Мәселен, қаладағы компьютерлік ойын клубтарын тексеру барысында түнгі уақытта заңды өкілсіз жүрген 13 жасөспірім анықталып, оларды қараусыз қалдырған ата-аналары мен жасөспірімдерге қызмет көрсеткен кәсіпкерлік нысан жауапкершілікке тартылды.
Күзгі демалыс кезінде кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 28 қазан мен 2 қараша аралығында облыс аумағында «Каникул» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Осыған орай, тәртіп сақшылары ата-аналарға жасөспірімдердің түнгі уақытта көше кезуі және беймезгіл уақытта ойын-сауық орындарында бақылаусыз жүруі олардың қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретінін ескертеді.