Атырауда тұрғындар арасында есірткіге қарсы іс-шара ұйымдастырылды
Атырауда 50-ге жуық тұрғын ерікті түрде есірткі скринингінен өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы шаралар жалғасын табуда. Осы орайда облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы өңірлік профилактика кеңесімен бірлесіп, қала тұрғындары көп шоғырланатын орындардың бірі – "Infinity Mall" ойын-сауық орталығында наркоскринингтік тәжірибе өткізді.
Акцияға келушілер ерекше қызығушылық танытты. 50-ге жуық азамат өз еркімен тексеруден өтіп, барлығының нәтижесі таза болып шықты. Полицейлердің айтуынша, бұл бастама салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын айқындап қана қоймай, жастардың есірткіге қарсы тұрақты иммунитетінің қалыптасқанын да көрсетті.
Скрининг барысында нарколог мамандар тұрғындарға ағзаны тексерудің заманауи әдістері мен олардың тиімділігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ есірткі заттарының денсаулыққа тигізер зияны, психологиялық және әлеуметтік салдарлары кеңінен баяндалды. Маман пікірінше, мұндай ашық тәжірибелер халықтың сенімін арттырып, қоғамдағы өзара қолдауды нығайтады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, наркоскрининг – тек профилактикалық шара ғана емес, сонымен бірге қоғамды жұмылдырудың тиімді тәсілі. Әсіресе жастардың мұндай акцияларға белсенді қатысуы – олардың болашаққа деген жауапкершілігінің артқанын көрсетеді.
- Салауатты өмір салтын ұстану – жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың денсаулығы үшін қажет. Әрбір осындай қадам – нашақорлыққа қарсы күрестегі маңызды жеңіс, – деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Атырау облысында мұндай тәжірибелерді жүйелі түрде өткізу жоспарланып отыр. Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен өңірлік профилактика кеңесі халық көп жиналатын орындарда түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, жастарды спорт пен мәдени шараларға кеңінен тарту бағытында жаңа жобаларды іске асыруды көздеуде. Мамандардың пікірінше, қоғам болып күш біріктіргенде ғана нашақорлықтың алдын алып, келешек ұрпақтың дені сау, санасы сергек болып өсуіне мүмкіндік туады.