Атырауда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша дөңгелек үстел өтті
Атырауда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша дөңгелек үстел өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Осы мақсатта 27 тамыз – 10 қыркүйек аралығында республика көлемінде “Бақытты отбасы – бақытты ел” атты акция өтуде. Оның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру.
Атырау қаласында өткен дөңгелек үстелге Полиция департаменті, облыстық прокуратура, сот, Денсаулық сақтау басқармасы, қалалық білім бөлімі, "Жарқын жанұя" қоғамдық бірлестігі және әйелдерді қолдау орталықтарының өкілдері қатысты.
Шара барысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер де сөз алып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар уақытылы көрсетілген құқықтық және психологиялық көмектің өмірлеріне үлкен өзгеріс әкелгенін атап өтті.
"Жарқын жанұя" бірлестігінің өкілдері отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығын айтса, медицина саласының мамандары қолжетімді медициналық және психологиялық қолдау тетіктерін түсіндірді. Ал білім саласы өкілдері балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларына тоқталды.
– 2024 жылдан бастап ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген 108-1 және 109-1 баптар тұрмыстық жанжал кезінде қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Яғни жәбірленушінің арызы болмаса да, полиция құқық бұзушыға қатысты іс қозғай алады. 2025 жылдың басынан бері облыста 3232 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, 2746 қорғау нұсқамасы шығарылды. 700 адамға ерекше талаптар белгіленді, ал полиция жолдамасы бойынша 5 әйел мен 11 бала дағдарыс орталығына орналастырылды, – деді Атырау облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Райса Айтжанова.
Сонымен қатар жиында пробация кезеңіндегі қолдау шаралары да сөз болды. Қоғамға бейімделу барысында әйелдерді жұмысқа орналастыру, кәсіби курстарға тарту, психологиялық қолдау көрсету бағытындағы бастамалар талқыланды. Бүгінде қалада тігін, аспаздық, сұлулық саласы бойынша тегін оқыту ұйымдастыратын бірнеше қоғамдық бірлестік жұмыс істеп жатыр.
Жиын қорытындысында қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша бірлескен жоспар құрып, нақты шешім қабылдады.
Айта кетейік, зорлық-зомбылық деректерін кез келген азамат полицияның 102 нөміріне, балалар мен отбасын қолдау ұлттық сенім телефоны – 111 нөміріне немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған сенім желісі – 150 нөміріне хабарлай алады.
“Бақытты отбасы – бақытты ел” акциясы – қоғамның зорлық-зомбылыққа қарсы ортақ күресінің жарқын көрінісі. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, қоғамда “зорлық-зомбылыққа жол жоқ” қағидатын орнықтыруға ықпал етеді.