Атырауда учаскелік полицейлер тонау қылмысын жедел ашты
Атырауда учаскелік полицейлер тонау қылмысын жедел ашты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласында тонау фактісі бойынша учаскелік полицейлер кәсіби шеберлік пен жедел әрекет етудің үлгісін көрсетті. Таңғы сағат 07:00 шамасында Авангард ықшам ауданындағы "Көктем" базары маңында белгісіз ер адам Renault көлігіне отырып, жүргізушінің сеніміне кіріп, Жайық өзені жағалауына жеткен соң ұялы телефон, бейнетіркегіш және көзілдірікті тартып алып, оқиға орнынан із суытқан.
Жәбірленушінің дереу полицияға хабар беруінің арқасында №2 қалалық полиция бөлімінің №16 және №17 учаскелік пункттерінің инспекторлары — Байбек Шотаев пен Бауыржан Сағидоллаев жедел тергеу амалдарын бастап кетті. Бейнебақылау жазбаларын мұқият зерделеу нәтижесінде олар күдіктінің жүрген бағытын анықтап, сол күні-ақ оны Береке ықшам ауданындағы жеке үйден ұстады. Күдіктінің үстінен ұрланған ұялы телефон мен бейнетіркегіш табылып, қылмыстың жасалғаны дәлелденді.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 1-бөлігімен (Тонау) тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл оқиға учаскелік полицейлердің кәсібилігі мен азаматтар алдындағы жауапкершілігін нақты көрсетті. Халықпен тығыз байланыс орната отырып, олар қылмыстың алдын алуға және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге зор үлес қосып келеді.
Байбек Шотаев — Ақжар ауылдық округінің учаскелік инспекторы ретінде 6 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді, әлеуметтік осал топтармен тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Бауыржан Сағидоллаев — 2012 жылдан бері ішкі істер саласында қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Бес баланың әкесі, өз ісіне адал офицер ретінде ол №81 және №82 учаскелерінде 4900 тұрғынның тыныштығын қамтамасыз етуде.
Қоғам сенімін арттыруда осындай полицейлердің адал қызметі — ең басты кепіл.