Атырауда ұландықтар жоғалған баланы іздеп тапты
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5546 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Атырау қаласындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүріп, жоғалған баланы тауып, ата-анасына табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 28 қаңтары күні сағат 19:30 шамасында болған. Қалада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген ұландықтарға Атырау қаласының В. есімді тұрғыны келіп, өзінің 7 жасар баласының үйден шығып кетіп, қайта келмегенін айтып, сыртқы киім үлгісін бейнелеп берді.
Осындай ақпаратты естіген ұландықтар барлық әскери жасаққа бағдарды жеткізіп, дереу іздеуге кірісті. Осы күні сағат 19:50 шамасында «Жеңіс» саябағының қасында өздерінің жауынгерлік қызметтерін атқарып жүрген әскери жасақ бастығы Дінмұхаммед Жақсылық, патрульші қатардағы Қуандық Жансерік пен Данияр Боранбай әскери жасақ кезекшісі берген бағдарға ұқсас баланы байқап қалып, қасына келіп, сұрау жұмыстарын жүргізген. Содан баланың адасып кеткенін анықтап, білген.
Қатардағы Дінмұхаммед Жақсылық әскери жасақ кезекшісіне осы жайтты баяндап, баланың әкесіне ұлының табылғаны туралы хабар берді. Оқиға орнына жылдам жеткен баланың ата-анасы баласын көріп қатты қуанып, ұландықтарға шексіз алғыстарын білдірді.